
Қазақ қоғамындағы амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуметтік норма ретінде қалыптастыру қажет. Бұл туралы депутат Ерлан Сайыр Мәдениет және ақпарат министрі А.О. Қырықбаев пен Оқу-ағарту министрі Ж. Сүлейменоваға жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Депутаттың пікірінше, мәдениет тек концерт, театр немесе музеймен шектелмейді. Ол адамның күнделікті мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан және қоғамдағы әдеп нормаларынан көрінеді.
«Амандасу мәдениеті – ұлттық бірегейліктің ең қарапайым әрі ең көрнекті элементтерінің бірі», – деді Ерлан Сайыр.
Оның айтуынша, қазақ халқында амандасудың өзіндік қалыптасқан жүйесі болған. Оның негізінде үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, ағайын арасындағы байланысты сақтау секілді құндылықтар жатыр.
Депутат қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі – ұстамдылық екенін атап өтті. Оның пікірінше, ұлттық мәдени кодты сақтау үлкен ұрандардан емес, күнделікті әдеттен басталады.
Осыған байланысты Ерлан Сайыр амандасу әдебін бір реттік акция немесе тәрбие шарасы ретінде емес, ұлттық бірегейлікті нығайтатын ұзақ мерзімді мемлекеттік мәдени саясаттың бір бағыты ретінде қарастыруды ұсынды.
Депутат министрліктерге бірнеше ұсыныс жолдады. Атап айтқанда:
- амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуметтік норма ретінде қалыптастыруға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірлеу;
- мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізу;
- сынып сағаттары, мектеп ережелері, тәлімгерлік, ата-анамен жұмыс және педагогтердің жеке үлгісі арқылы бұл мәдениетті қалыптастыру;
- мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйелерінде ұлттық әдеп нормаларын заманауи тәрбие жұмысының мазмұнына енгізу.
Депутат бұл бастаманың түпкі мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды күнделікті өмір салты арқылы сіңіру екенін атап өтті.
«Мәдени код үлкен ұрандардан емес, күнделікті әдеттен басталады», – деді Ерлан Сайыр.





