
Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Алдын ала мәлімет бойынша, теңізге 19 әскери қызметші түсіп кеткен.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде болған. Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.
Қазіргі уақытта 9 әскери қызметшінің қаза болғаны расталды. Тағы үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілген. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелері, Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен министрлік комиссиясы аттанды.
Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Іздестіру жұмыстарының барысы мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат деректер нақтыланған сайын жарияланады.
Қорғаныс министрлігі азаматтарды тек министрлік пен басқа да мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сүйенуге шақырды.





