Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстанның Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізетін арнайы комиссия құрылды,-деп хабарлайды Ақорда.
Тексерудің негізгі бағыттарының бірі – әскери құрылымдарды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласындағы жағдай.
Комиссияны ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқарады. Оның құрамына Жоғары аудиторлық палата, Қаржылық мониторинг агенттігі, Қауіпсіздік Кеңесі аппараты, Қаржы министрлігі, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ұлттық экономика министрлігінің басшылары кіреді.
Яғни тексеруге қаржы, аудит, құқық қорғау және ұлттық қауіпсіздік салаларының жауапты тұлғалары жұмылдырылады.
Комиссия жүргізілген жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы жеті күн ішінде Мемлекет басшысына баяндауы тиіс.
Бұл тексеру Қорғаныс министрлігіндегі басқару, қаржыландыру және әскери бөлімдерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесінің нақты жағдайын бағалауға бағытталған.
Комиссияның құрылуы Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қоғамда Қарулы күштердегі қауіпсіздік, қызметті ұйымдастыру және жауапкершілік мәселелері кең талқыланып жатқан кезеңге тұспа-тұс келіп отыр.





