Түркі әлемінің ортақ тарихы: «Түркістан» энциклопедиясы жарық көрді

Түркістанда 880 беттен тұратын екі томдық энциклопедия таныстырылды. Бес жыл әзірленген ғылыми жобаға 300-ден астам ғалым қатысып, оған академик Дархан Қыдырәлі жетекшілік етті.

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген басылымда Түркістанның ғана емес, тұтас түркі әлемінің тарихы мен мәдени мұрасы кеңінен қамтылған.

2021-2025 жылдары жүргізілген жұмыс барысында төрт мыңнан астам атау мен ұғым қайта зерделеніп, жаңа ғылыми деректермен толықтырылды. Бұған дейін энциклопедиялық айналымға енбеген бірқатар тұлғалар, тарихи оқиғалар, жер-су атаулары мен ұғымдарға қатысты жаңа мақалалар әзірленді.

Жаңа энциклопедияның басты ерекшелігі – Түркістан ұғымының қазіргі қала мен облыс аумағымен ғана шектелмей, түркі халықтарының кең тарихи-мәдени кеңістігі аясында қарастырылуы.

«Мағжан ақын айтқандай “Екі дүниенің есігі, ер түріктің бесігі” саналған Түркістан – түркхалықтарының тұтастығын айқындайтын географиялық, этностық, мәдени және саяси кеңістіктегі ауқымды аймақ. Сондықтан қолдарыңызға тиіп отырған “Түркістан” энциклопедиясы тұтас түркәлемінің мақтанышы, рухани ордасы Түркістанға арнайы тарту ретінде шығарылып отыр», – деді Дархан Қыдырәлі.

Екі томдық еңбекте ежелгі және ортағасырлық тарих, археология, сәулет, этнография, әдебиет пен фольклор, рухани мұра, тарихи тұлғалар, елді мекендер мен жер-су атауларына қатысты материалдар жүйеленген. Сондай-ақ түркология ғылымы, түркі мемлекеттерінің қайраткерлері, ойшылдар мен зиялы қауым өкілдері туралы деректер енгізілген.

Жалпы, басылымда үш мыңнан астам мақала мен ғылыми-танымдық материал қамтылған. Энциклопедия тарихи және географиялық карталармен, тұлғалардың портреттерімен, миниатюралармен, жаңғыртпа сызбалармен және археологиялық әрі сәулет ескерткіштерінің суреттерімен толықтырылған

«Басылымда түрк әлеміне қатысы бар мемлекеттер, шетелдік және отандық ірі тұлғалардың есімдері, этностар, терминдер, категориялар және басқа да тарихи-мәдени, ғылыми-танымдық түсініктер жүйелі топтастырылып, кешенді ақпараттар кеңінен қамтылды», – деп атап өтті академик.

Айта кетейік, 1998 жылы бір томдық «Түркістан» халықаралық энциклопедиясы жарық көрген еді. Содан бері өткен 28 жылда Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесіне ие болды. Сонымен бірге өңірдің тарихы мен мәдени мұрасына қатысты көптеген жаңа ғылыми зерттеулер жүргізілді.

Жаңа энциклопедия тарихшыларға, түркологтарға, археологтар мен этнографтарға, әдебиеттанушыларға, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім алушыларына, сондай-ақ түркі әлемінің мәдени мұрасына қызығушылық танытатын қалың оқырманға арналған.

Еще больше интересного

Тоқаевтың Германияға ресми сапары

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесті. Мемлекет басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен...

Астанадағы әйел өлімі: төрт полицей қызметінен кетті

Астанада 30 жастағы әйелдің бұрынғы күйеуінің қолынан қаза табуына байланысты полиция қызметкерлеріне қатысты қатаң шаралар қабылданды. Бұған дейін...

«Шетелдік» астықты «қазақстандық» етіп көрсеткен схема әшкереленді

Қаржылық мониторинг агенттігі Батыс Қазақстан облысында астықтың сұр импортына қатысты схеманың жолын кесті. Тергеу дерегінше, шетелден әкелінген астық...