
Қазақстанның 2027 жылғы республикалық бюджет шығыны 30,2 триллион теңге болады. Оның басым бөлігі әлеуметтік салаға, өңірлерді дамытуға, денсаулық сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталмақ. Бұл туралы 14 қазанда Құрылтайдың пленарлық отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді.
Жобаға сәйкес, 2027 жылы бюджет кірісі 25,4 триллион теңге болады деп болжанған. Ал бюджет тапшылығы 4,6 триллион теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызы деңгейінде күтіледі.
Қаражаттың негізгі бөлігі қайда жұмсалады?
Адами капиталды дамытуға 10,5 триллион теңге қарастырылған. Оның ішінде:
- 6,9 триллион теңге — әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға;
- 2,5 триллион теңге — денсаулық сақтау саласына;
- 897 миллиард теңге — білім беру мен ғылымды дамытуға бағытталады.
Өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға және қалалар мен облыстарда қолайлы жағдай жасауға 7,4 триллион теңге бөлінбек.
Қауіпсіздік пен мемлекеттік басқаруға 4,9 триллион теңге қарастырылған. Ал мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге 3,5 триллион теңге жұмсау жоспарланып отыр.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік көмек бұрынғыдай барлығына бірдей емес, азаматтардың мұқтаждық деңгейіне қарай көрсетіледі.
Осылайша, 2027 жылғы бюджетте әлеуметтік сала мен өңірлерді дамытуға қомақты қаражат қарастырылғанымен, мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығындары да айтарлықтай көлемді құрайды.





