
Ақтаудағы мектептердің бірінде мұғалім мен еден жуушының арасындағы жанжал әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бейнебақылау камерасына түсіп қалған кадрларда педагогтың еденде тұрған су толы шелекті теуіп жібергені көрінеді. Оқиға КТК телеарнасының сайтына жарияланған.
Желі қолданушыларының айтуынша, жұмыстан босатылған факультатив пәнінің мұғалімі лицей директорының жұбайы болып шыққан. Ал жанжалға қатысқан еден жуушы бұған дейін мұғалімнің үйінде көмекші болып жұмыс істеген.
Педагогтың түсіндіруінше, мұндай әрекетке жеке келіспеушілік пен еден жуушының өзі туралы таратқан қауесеттері себеп болған.
Оқиға қоғамда резонанс тудырған соң, Маңғыстау облысының Білім басқармасы арнайы комиссия құрып, тексеру жүргізді.
Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Өтесбаеваның мәліметінше, комиссия шешімімен мұғалімге сөгіс жарияланып, ол жұмыстан босатылған. Сонымен қатар полиция да оқиғаға қатысты тексеру жүргізіп жатыр.
Құқық қорғау органдары жанжалға қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға береді.





