ФЕЙК: Ескі видео Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға телінді

Әлеуметтік желіде әскери қызметшілердің қазасына қатысты тағы бір манипуляциялық видео тарады. Кадрда қайтыс болған адамның «денесін» көлікпен тасымалдап бара жатқан сәт көрсетіліп, оны Маңғыстаудағы қайғылы оқиғамен байланыстырған. NoFake.kz редакциясы Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығымен бірлесіп видеоның шығу тарихын тексерді.

Тексеру барысында видеоның Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға қатысы жоқ екені анықталды.
Бастапқы видеоны талдау оның 2026 жылғы 19 тамызда, яғни қыркүйекте болған қайғылы оқиғадан әлдеқайда бұрын TikTok-та жарияланғанын көрсетті. Видеоны алғаш @abenov__01 қолданушысы жүктеген. Кейін түпнұсқа жазба өшірілгенімен, дәл осы видео 9 қыркүйекте @bauka.kz091 аккаунтында қайта жарияланған.

Демек, видео қайғылы оқиғаға дейін желіде болған және қыркүйектегі оқиғаның кадрлары болуы мүмкін емес.

Видео қай жерде түсірілген?
Видеоның нақты қай жерде түсірілгенін анықтау мүмкін болмады. Геолокацияны анықтайтын түрлі сервистер арқылы жүргізілген талдау кадрлар Түркістан, Алматы немесе Жетісу облыстарының бірінде түсірілуі мүмкін екенін көрсетті.

Сонымен қатар аккаунтты талдау барысында видеода мемлекеттік тіркеу нөмірі 676AVN13 болатын Toyota Alphard көлігі түсірілгені анықталды. Қолда бар мәлімет бойынша, көлік Түркістан облысында тіркелген.
Бұл деректер де видеоның Маңғыстау облысындағы оқиғаға қатысы бар екенін растамайды.

Қайғылы оқиғадан кейін басқа сипатта тарады
Қайғылы оқиғадан кейін ескі кадрлар әлеуметтік желіде қайта пайда болып, бұл жолы «қаза тапқан әскери қызметшілердің денесін тасымалдап бара жатқан видео» деген сипаттамамен тарала бастаған.

Яғни бұрын жарияланған видеоға басқа контекст берілген. Мұндай тәсіл желі қолданушыларын жаңылыстырып, болған оқиға туралы қате түсінік қалыптастыруы мүмкін. NoFake.kz бұған дейін де қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде ескі видеолар мен басқа да манипуляциялық контенттің таралуы мүмкін екенін ескерткен. Осындай жазбаларды көргенде видеоның алғаш қашан және қайда жарияланғанына, бастапқы дереккөзіне және қандай контексте тарағанына назар аударған жөн.

Еще больше интересного

Қазақстан армиясы реформаланады: әскерге шақырылушылар алты ай оқып, алты...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізіп, әскери реформа жоспарын қарады. Мемлекет басшысы заманауи, ұтқыр әрі технологиялық...

Астанада есірткі қосылған 238 печенье тәркіленді

Астанада интернет-дүкен арқылы есірткі сатты деген күдікпен 30 жастан асқан бес ер адам ұсталды. Тінту кезінде олардан...

Қазақстаннан 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз шығарылған

ҰҚК мұнай өнімдерін шетелге заңсыз экспорттаған ұйымдасқан топтың қызметін тоқтатты. Тергеу дерегінше, 2019–2023 жылдары Batys Nefte Trade...