Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында қоғам өкілдерімен, еңбек ұжымдарымен, ғалымдармен және этномәдени бірлестік мүшелерімен кездесті. Жиында Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді өңірде жүзеге асыру жолдары талқыланды.
Ерлан Қошанов соңғы жеті жылда жүргізілген реформалардың нәтижелеріне тоқталды. Оның айтуынша, осы кезеңде әлеуметтік салаға 88 трлн теңге бағытталып, 3,6 млн жұмыс орны ашылған. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 9,8 мың доллардан 15 мың долларға дейін өскен.
Сондай-ақ ол Ақмола облысының өнеркәсіп, жасыл энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы әлеуетін атап өтті. Өңірдегі Digital Aqmola цифрлық қауіпсіздік жүйесі қылмыс деңгейін екі есеге жуық төмендетуге ықпал еткен. Бұдан бөлек, заңсыз шығарылған активтерді қайтару есебінен салынған әлеуметтік нысандардың маңызына тоқталды.
Кездесулерде көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, энергетикалық тәуелсіздікті нығайту, цифрлық экономиканы қалыптастыру және әлеуметтік қолдау мәселелері де көтерілді. Атап айтқанда, 2027 жылдан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандарының жалақысын 40 пайызға дейін арттыру және ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге жеткізу жоспарланып отырғаны айтылды.
Сапар аясында Халық Кеңесінің мүшелері орман шаруашылығы қызметкерлерімен, студенттермен, оқытушылармен және этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесіп, Digital Aqmola орталығы, №20 мектеп-гимназиясы мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысымен танысты.
Сапар қорытындысында Ерлан Қошанов тұрғындардан түскен ұсыныстар мен өтініштер жүйеленіп, өңірдің ерекшеліктері ескеріле отырып, тиісті жұмыс жүргізілетінін жеткізді.





