Бибісара Асаубаеваның дайындығына биыл 210 млн теңге бөлінді – министрлік

Бибісара Асаубаеваның дайындығына биыл 210 млн теңге бөлінді – министрлік

Қазақстанның шахматшы қызы Бибисара Асаубаеваның халықаралық жарыстарға дайындығына биыл шамамен 210 млн теңге бағытталған. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді.

2023-2024 жылдары спортшы Спортты дамыту дирекциясынан ай сайын 1 млн теңге көлемінде жалақы алып келген. Алайда 2025 жылы қабылданған заңға сәйкес спорттың басым түрлері қайта айқындалып, шахмат олардың қатарына енбей қалған. Бұған шахматтың кешенді жарыстар бағдарламасына кірмеуі себеп болған.

Осыған байланысты спортшының жалақысына қатысты келісімшарт талаптары өзгертілген.

Сонымен қатар министрлік Бибисара Асаубаеваның командасымен бірлесіп Спорт пен туризмді қолдау қоры арқылы қаржыландыру мәселесін пысықтағанын хабарлады. Нәтижесінде спортшының халықаралық жарыстарға дайындығы үшін қор тарапынан 100 млн теңге бөлінген.

«Бибисара Асаубаева қолдау мәселесіне қатысты мәлімдемесінде қор тарапынан көрсетілетін көмектің екінші бөлігі туралы айтқысы келген болуы мүмкін. Алайда қазіргі таңда қор қаражаты шектеулі. Біз көптеген спорт федерацияларын және халықаралық жобаларды қолдап отырмыз. Сондықтан биыл қор тарапынан бөлінген қаржы 100 млн теңгемен шектелді», – деді министрлік өкілдері.

Ведомство дерегінше, соңғы жылдары спортшыны қаржыландыру көлемі тұрақты өсіп келеді. Атап айтқанда, 2024 жылы қордан 63 млн теңге, 2025 жылы 79 млн теңге, ал 2026 жылы 100 млн теңге бөлінген.

Бұдан бөлек, Қазақстан шахмат федерациясы мен басқа да ұйымдардың қаржысы есебінен биылғы дайындыққа жалпы көлемі шамамен 210 млн теңге қарастырылған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 160 млн теңгені құраған.

«Барыс» ордені неге әлі тапсырылмады?

Журналистердің Бибисара Асаубаеваға «Барыс» орденінің әлі күнге дейін табысталмауы туралы сұрағына министрлік өкілдері Мемлекет басшысының спортшы жетістіктерін жоғары бағалағанын және оған II дәрежелі «Барыс» орденін беру туралы Жарлыққа қол қойылғанын айтты.

Алайда марапаттау рәсімі спортшының тығыз жарыс кестесіне байланысты кейінге қалған.

«Біз Бибисара Асаубаеваны 8 наурыз мерекесіне орай Ақордада өтетін салтанатты қабылдауға шақырылғандардың қатарына енгізген болатынбыз. Бірақ сол уақытта ол Кипрдегі халықаралық турнирге қатысып жүргендіктен іс-шараға келе алмады. Спортшының жұмыс кестесі қолайлы болған кезде марапат өз иесіне міндетті түрде табысталады», – деп түсіндірді министрлік өкілі.

Еске сала кетейік, Қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, халықаралық жарыстарға дайындықты қаржыландыру мәселесін көтерген еді.

Үш дүркін әлем чемпионы Norway Chess-2026 турниріне дайындық өз жүлде қоры мен ата-анасының қаражаты есебінен жүргізілгенін айтты. Оның сөзінше, турнирде жұмыс істеген секунданттар мен аналитиктердің еңбекақысы да әлі төленбеген.

Сондай-ақ спортшы соңғы уақытта спорт саласындағы құрылымдар тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдау көлемі қысқарғанын мәлімдеді.

Еще больше интересного

Үкімет 2025 жылы барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындады — Мәди...

2025 жылдың қорытындысы бойынша Үкімет барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындады. Республикалық бюджет шығыстары 25,5 трлн теңгені...

«Ақ жол» демократиялық партиясының Съезі өтеді

Ақжолдықтар 13 маусым күні кезекті Съезін өткізетінін хабарлады. Бұл ақпаратты партия төрағасы Азат Перуашев өзінің телеграм арнасында...

Сталкинг – махаббат та, қамқорлық та емес. Бұл –...

Парламент Мәжілісінде «Сталкинг пен некеге мәжбүрлеудің алдын алу: заңнама, қорғау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл» тақырыбында дөңгелек үстел...