
Дамыған автомобиль өнеркәсібі – кез келген елдің индустриялық және технологиялық деңгейін көрсететін басты көрсеткіштердің бірі. Осыны ескерген Қазақстан тәуелсіздік жылдары өз автокөлік өндірісін қалыптастыруға бірнеше мәрте талпыныс жасады. Алайда бұл бағыттағы кей жобалар нәтиже бермеді. Соның бірі — Өскемендегі «Азия Авто» зауыты.
«Азия Авто» жобасы жылдар бойы мемлекет тарапынан қомақты қолдау алды. Компанияға салықтық жеңілдіктер, кедендік преференциялар және индустриялық субсидиялар берілді. Ашық дереккөздерге сүйенсек, бұл қолдаудың жалпы көлемі 361 млрд теңгеге жеткен. Алайда соған қарамастан, зауыт толыққанды өндірістік локализацияға көшпеді, терең өңдеу зауытын салу жөніндегі міндеттемелер орындалмады. Нәтижесінде кәсіпорын ұзақ уақыт бойы тек автокөліктерді «отверткалық» әдіспен жинаумен шектелді. Қомақты қаржы құйып, автоөнеркәсібін дамытады деген мемлекеттің үміті ақталмады. Яғни ұтылды. Қыруар қаржы желге ұшты. Бүгінде бір кездері салтанатты түрде ашылған зауыттың өндірістік алаңдары бос тұр. Уақыт өткен сайын бұл инфрақұрылымның тозу қаупі арта түсуде. «Ақ Жол»партиясы фракциясының депутаттары үкімет басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдап, жетім баланың күйін кешкен «Азия Автоның» қолда бар өндірістік қуатын пайдаланып қалуды ұсынды. Мәжіліс депутаты Серік Ерубаевтың айтуынша, «Азия Автоның» жағдайы жаңа индустриалды жобаларды жүзеге асыру кезінде осындай қателіктердің қайталануын болдырмайтын маңызды және өте қымбат сабақ ретінде қарастырылуы тиіс. Қазіргі уақытта осы пайдаланылмай тұрған зауыттың уақыт өте келе тозығы шығатыны анық. Бұған жол бермей, оларды тиімді пайдалану керек.Қазіргі уақытта Қазақстанда бірнеше автомобиль өндіріс жобалары жүзеге асырылып жатыр. Атап өтсек, Қостанайдағы көпбрендтік «AllurAuto» кластері мен Алматыдағы «Hyundai Trans Kazakhstan» зауыты. Олар тек автокомплекттерді жинаумен шектелмей, қосалқы бөлшектер өндірісін де жүзеге асыруда. Осыған байланысты, «Азия Авто» компаниясының әлі де өндірістік қуаттарын аталған жобаларды дамыту үшін ұсыныстар әзірлеп, оларды ауыл шаруашылығы немесе өзге де техниканы шығаруға бағыттау қажет. Зауытта кезінде мыңдаған жергілікті қызметкерлер мен білікті кадрлар еңбек етті. Олардың тәжірибесін жоғары технологиялық өндірісте пайдалану керек. «Ақ жол» фракциясы Өскемендегі «Азия Авто» компаниясының өндірістік базалары мен инфрақұрылымын әрі қарай дамытуға арналған бағдарламалық құжаттарға енгізу мәселесін пысықтау қажет деп санайды. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – аталған өндірістік активтерді сақтап қалу және оларды автомобильдер, ауыл шаруашылығы техникалары, өзге де машина жасау өнімдері мен қосалқы бөлшектер өндірісінде одан әрі пайдалану болуы тиіс. Мұндай бастама, Өскемен қаласының тек шикізат немесе металл өндіретін өңір емес, дайын өнім шығаратын тағы да бір жаңа индустриялық орталыққа айналуына айтарлықтай ықпал етер еді-деді депутат Серік Ерубаев.

