
Таяу Шығыстан қазақстандықтарды эвакуациялау осал санаттардан басталады
Алдымен Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға әйелдер мен балалар, қарттар және сырқаты бар азаматтар қайтарылады. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте ҚР Сыртқы істер вице-министрі Алибек Бакаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгін Оман сұлтандығының астанасы — Маскат қаласынан 467 азаматты шығару жоспарланып отыр. Ал келесі күні Жидда қаласынан тағы 343 адам эвакуацияланбақ. Бұл рейстер қайтарудың алғашқы толқыны болмақ.
Бакаев барлық қазақстандықтарды бір мезетте елге жеткізу мүмкін емес екенін атап өтіп, басымдық берілетін критерийлер әзірленгенін айтты.
«Алдымен тізімге кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер, 60 жастан асқан азаматтар, сондай-ақ белгілі бір аурулары бар адамдар енгізіледі», — деді ол.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар елге жөнелту үшін Жидда мен Маскат қалаларында орталықтандырылып жиналып жатыр.
Бұған дейін ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Таяу Шығыс елдерінде жүрген Қазақстан азаматтарын қайтарудың жалпы жоспарын таныстырған болатын

