
2025 жыл қазақстандық балмұздақ индустриясы үшін тарихи кезең болды — ел тарихында алғаш рет экспорт көлемі импорттан асып түсті,-деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстандық балмұздақтың экспорты 14 167 тоннаны құрады. Ал
импорт 12 194 тонна.
Яғни, Қазақстан енді балмұздақты сырттан көп сатып алмайды — керісінше, әлемге өзі экспорттай бастады.
Шин-Лайн компаниясының мәліметінше, бұл нәтиже жылдар бойы жүргізілген жаңғырту, жаңа технологиялар мен экспорттық стратегияның жемісі. Егер 2005 жылы ел небәрі 12 тонна балмұздақ экспорттаса, бүгін қазақстандық өнім 10 елдің нарығына шыққан.
«Шин-Лайн» компаниясының корпоративтік мәселелержөніндегі вице-президенті Омарбек Жұлдыздың айтуынша, қол жеткізілген нәтиже ұзақмерзімді жаңғырту стратегиясымен экспорттық экспансияның жемісі. Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді: жеткізу географиясы 10 елге дейін кеңейді, ал экспорт алғаш рет импорттан басым түсті. Бұл қазақстандық өнімнің жоғары бәсекеге қабілеттілігін және саланың кемелденгенін көрсетеді.
“Made in Kazakhstan” енді тек мұнай мен астық емес — балмұздақпен де танылып келеді.

