
Астанада Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевің төрағалығымен дөңгелек үстел өтті. Онда азаматтық қоғам өкілдері, бизнес қауымдастығы, депутаттар мен министрлік өкілдері ішкі сауданы дамыту, отандық өндірушілердің нарықтағы үлесін арттыру және саладағы заңнаманы жетілдіру мәселелерін талқылады. Сауда министрінің айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, баға тұрақтылығы және отандық өндірушілердің сауда сөрелеріне қолжетімділігі Үкіметтің басты міндеті. Министрлік импортқа тәуелділікті азайтуға, жеке сауда маркасын дамытуға және елдегі бәсекеге қабілетті сауда экожүйесін қалыптастыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда. Бүгінде сауда саласының ел экономикасындағы үлесі артқан. Жалпы ішкі өнімнің 16,5 пайызын құрайды,- деді Арман Шаққалиев.

— Экономикалық үлес бойынша сауда жалпы ішкі өнімнің 16,5%-ын құрайды және 1,5 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Соңғы бес жылда ішкі сауда айналымы шамамен 80%-ға өсті және 2024 жылы 70,7 трлн теңгені құрады. Бұл динамика сауданың жай ғана делдалдық қызмет емес, орнықты орта тапты қалыптастыратын және тұтынудың жаңа форматтарын дамытатын негізгі сала екенін көрсетеді.
Сондай-ақ, отандық өндірушілерді қолдау мақсатында азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларға арналған сөрелердің кемінде 30%-ын отандық өнімдерге бөлу талаптары бекітіліп отыр. Яғни ірі сауда желілерінен бастап шағын дүкендер мен базарлардың сауда сөрелерінде отандық өнімге басымдық беріледі. Сауда субьектілерін субсидиялау арқылы сөре кеңістігін қосымша 20%-ға ұлғайту қарастырылған, ал бұл шарттарды орындамаған сауда орындарын қаржыландыру тоқтатылады және қаржы кері қайтарылады. Жиында жаңа Салық кодексінің ережелері де талқыланды. Өздеріңізге мәлім, ҚҚС 16% деп бекітілді. Сауда және ауыл шаруашылығы салалары үшін жеңілдетілген салық режимдері сақталып, агросектордағы заңды тұлғаларға ҚҚС жүктемесі төмендетілді.
Дөңгелек үстел барысында өндірушілер мен сауда желілері және маркетплейстер арасындағы өзара әрекетті жеңілдету мақсатында QazTrade платформасында «Бір терезе» жүйесі құрылып жатқаны айтылды. Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі жасалып, өнім нарыққа жылдам және ашық жолмен шығады. Жиында ірі сауда желілерінің өкілдері жеке сауда маркаларын дамыту тәжірибесімен бөлісті. Мұндай өнімдер қолжетімді баға мен жоғары сапаны ұштастырады және бүгінде тұтынушылар арасында сұранысқа ие болып отыр.

