«Respublica» партиясы съезінің делегаттары сайлау науқанының міндеттерін айқындады

«Біздің басқа Отанымыз жоқ. Біртұтас ұлт болып жұмылып, қоғамды біріктіре алсақ, кез келген белесті бағындырып, алдымызға қойған мақсаттарға қол жеткіземіз», — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында айтқан осы сөзі жаңа саяси кезеңнің басты бағдарына айналды. Бүгін сол кезеңнің маңызды оқиғаларының бірі өтті: Respublica партиясы сайлауалды науқанға ресми түрде кірісті.

Елордада Respublica партиясының кезектен V тыс съезі өтті. Оған партия басшылығы, Орталық және өңірлік кеңестердің мүшелері, филиал төрағалары, депутаттар, сондай-ақ Respublica Jastary және ReWomen қауымдастықтарының белсенділері қатысты. Делегаттар партияның алдағы даму бағытын айқындап, алдағы электоралды кезеңге қатысты негізгі шешімдерді қабылдады.

Съезде партияның үш жылдағы жұмысы қорытындыланды. Осы уақыт ішінде Respublica өз бағдарламасын заң шығару қызметі, қоғамдық бастамалар және өңірлік желіні дамыту арқылы жүйелі түрде іске асырды. Партия депутаттары ондаған заңнамалық бастама көтеріп, депутаттық сауалдар жолдады, азаматтардың 12 мыңнан астам өтінішін қарады, жастар мен әйелдерге арналған ірі білім беру жобаларын жүзеге асырып, партияның кадрлық резервін қалыптастырды.

Делегаттар партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қолдады. Құжат жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіріліп, партияішілік басқару жүйесін жетілдіруге, Орталық аппарат пен өңірлік құрылымдардың жұмыс тиімділігін арттыруға, сондай-ақ ашықтық пен ішкі партиялық демократияны күшейтуге бағытталған. Өзгерістер қоғамдық қатысу тетіктерін кеңейтуді, өңірлік ұйымдардың рөлін арттыруды және кадрлық рәсімдерді жетілдіруді көздейді.

Съездің негізгі шешімдерінің бірі — Respublica партиясының жаңа сайлауалды бағдарламасын бекіту болды. Құжат «Азаматтың игілігі – Жауапты қоғам – Тиімді мемлекет – Қауіпсіз ел» қағидатына негізделген. Бағдарлама кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру, мемлекеттік басқаруды жаңғырту, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру, цифрландыру, құқықтық институттарды нығайту, адами капиталды дамыту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты бастамаларды қамтиды.

Бағдарламаны таныстырған партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров:

«Қазақстанның басты байлығы – жер қойнауындағы қазба байлық емес, оның адамдары. Біз экономиканы тыңдайтын, жаңа салаларды қолдайтын және адал бәсекені қорғайтын мемлекет құру үшін жұмыс істейміз», – деді.

Партияның тең төрағасы Динара Шүкіжанова бағдарламаның индустриялық блогын таныстырып, нақты секторды қолдау басымдықтарына тоқталды. «Мен машина жасау саласында жұмыс істеймін және қазақстандық өндірушілердің күнделікті кездесетін мәселелерін жақсы білемін. Сондықтан базалық салаларды дамытуға арналған нақты әрі есептелген шешімдер қажет», – деді ол.

Съезде сайлауға қатысатын Respublica партиясының кандидаттар тізімі де бекітілді. 76 кандидаттан құрылған тізім жаңару, кәсібилік және кең қоғамдық өкілдік қағидаттары негізінде жасақталған. Кандидаттардың орташа жасы – 40,9 жас. Тізімге 44 ер азамат, 32 әйел, 11 жас, мүгедектігі бар 3 азамат, сондай-ақ PolitIQ мектебі мен партияның кадрлық резервінен шыққан 10 түлек енді.

Делегаттар партия төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың өкілеттік мерзімін тағы үш жылға ұзарту туралы шешім қабылдап, Бақылау-тексеру комиссиясының жаңартылған құрамын бекітті.

Съезд қорытындысында партия басшылығы Respublica ұйымдастырушылық қалыптасу кезеңін аяқтап, жаңа сайлауалды бағдарламамен, кәсіби командамен және елді дамытуға арналған нақты ұсыныстармен саяси дамудың келесі кезеңіне қадам басқанын мәлімдеді.

Анықтама:

Кезектен тыс V съезге Қазақстанның барлық өңірінен делегаттар офлайн және онлайн форматта қатысты.
Күн тәртібінде алты мәселе қаралды: үш жылдық жұмыстың қорытындысы, партия төрағасын сайлау, Жарғыға өзгерістер енгізу, сайлауалды бағдарламаны бекіту, Бақылау-тексеру комиссиясының құрамын жаңарту және партиялық кандидаттар тізімін ұсыну.

Еще больше интересного

Экс-депутат қазына қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді

Алматы облысында 2,6 млрд теңгеден астам субсидияны жымқыру ісі сотқа жолданды Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті (ҚМА)...

Мәдениет министрлігіне қарасты білім алушылардың жарты жылдағы жетістігі –...

Жарты жылда Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты білім беру ұйымдарының білім алушылары 1200-ден астам жүлделі орын иеленді2026...

Қазақ ұлттық спорт университеті салтанатты түрде ашылды

Астанада Орталық Азиядағы спорт ғылымы мен жоғары білікті мамандар даярлау бағытындағы ең ірі білім беру жобаларының бірі...