
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көшпелі халықтар мен дала империяларын «мемлекет бола алмаған құрылымдар» ретінде көрсетуге тырысатын көзқарастарға қарсы шықты. Мемлекет басшысы тарихқа объективті әрі саяси бейтарап тұрғыдан қарау қажеттігін мәлімдеді. Бұл туралы Президент Астанада өтіп жатқан «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет және бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда айтты.
Іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен ғалымдар мен зерттеушілер – тарихшылар, археологтар, шығыстанушылар, түркологтар, саясаттанушылар және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.
Симпозиумның ашылуында сөз сөйлеген Тоқаев бүгінде Алтын Орданың қуаты ғылыми қауымдастықта күмән тудырмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Еуразияның орасан зор аумағын біріктіріп, Шығыс пен Батысты байланыстырған бұл мемлекет әлемдік өркениеттің дамуына зор үлес қосты.
Президент Қазақстанда ұзақ уақыт бойы саяси мүдделер ықпалымен қалыптасқан ескі тарихи көзқарастарды қайта қарау үдерісі жүріп жатқанын айтты.
«Қазақстанда кезінде қуатты болған дала империяларын “мемлекет бола алмаған құрылымдар” деңгейіне түсіріп, көшпелі халықтарды тарихи контекстен тыс жабайы күш ретінде көрсететін догмалар мен стереотиптерді қайта қараудың белсенді үдерісі басталды», — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Тоқаев өткен тарихты әсірелеу немесе ортақ тарихи мұраны тек бір ұлтқа телу мақсаты жоқ екенін атап өтті.
«Тарих жалғандықты, әсіресе өзін дәріптеу үшін айтылған өтірікті кешірмейді», — деді Президент.
Мемлекет басшысы тарихты тек жеңімпаздар жазады деген қағидаға да қарсы пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай тәсілді ғылыми деп атауға болмайды, өйткені ол әлемдік өркениеттің дамуына шағын және орта мемлекеттердің қосқан үлесін екінші орынға ысырады.
Президент Алтын Орда тарихын пәнаралық тұрғыдан зерттеудің маңыздылығына да тоқталды. Ол зерттеудің бірнеше негізгі бағытын атады: мемлекеттік басқару жүйесі, экономикалық модель, интеллектуалдық мұра және дала өркениетінің рухани дәстүрлері.
Сонымен қатар Тоқаев ЮНЕСКО ұйымына Қазақстанның тарихи мұраны сақтау бастамаларын қолдағаны үшін алғыс білдірді. Ол ұйыммен ынтымақтастықтың арқасында еліміздегі бірқатар нысанның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгенін еске салды.
Сарапшылардың пікірінше, Президенттің бұл мәлімдемелері Қазақстанның Ұлы дала тарихына деген қызығушылықты арттырып, көшпелі өркениеттердің әлем тарихындағы рөлін тереңірек түсіндіруге ұмтылысын көрсетеді. Соңғы жылдары Алтын Орда тақырыбы елдегі тарихи және мәдени дискурстың негізгі бағыттарының біріне айналып келеді.




