
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Баку қаласында өткен Дүниежүзілік урбан форумының (WUF-13) 13-сессиясына қатысты. Форум БҰҰ-Хабитат платформасының қолдауымен ұйымдастырылып, жедел урбанизацияның қалаларға, экономикаға, қоғам мен климатқа әсері талқыланды.
Ауқымды халықаралық іс-шараға әлемнің 100-ден астам елінен 20 мыңнан аса делегат жиналды. Олардың қатарында мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйым жетекшілері, сарапшылар мен бизнес қауымдастық өкілдері болды. Қазақстан делегациясының құрамында Астана қаласының әкімі, Алматы қаласы әкімінің орынбасары және өңірлік әкімдіктердің басшылары қатысты.

Форум барысында сөз сөйлеген Олжас Бектенов Қазақстанда урбанистикалық саясаттың адамға бағдарланған қағидаттар негізінде жүзеге асырылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, бүгінде ел халқының 63 пайыздан астамы қалаларда тұрады және бұл мегаполистер экономикалық өсім мен адами капиталдың негізгі орталығына айналған.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық бағытқа сәйкес, мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі – азаматтарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және сапалы жұмыспен қамту мүмкіндігін қамтамасыз ету. Біз қауіпсіз, қолжетімді әрі экологиялық тұрақты “азаматтарға арналған қалалар” қағидатын ұстанамыз», – деді Премьер-министр.
Ол сондай-ақ 2026 жылдың қаңтарында Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі қабылданғанын атап өтті. Құжат сәулеттік жобалау мен кешенді қала жоспарлаудың бірыңғай стандарттарын бекітеді. Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңірінде урбанистикалық даму орталықтары құрылған.
Премьер-министр қазіргі урбанистиканың басты сын-қатерлері ретінде жасанды интеллект, климаттың өзгеруі, су қауіпсіздігі және инфрақұрылым тұрақтылығы мәселелерін атады. Осы бағыттағы заманауи жобалардың бірі ретінде Alatau City бастамасы таныстырылды. Жоба халықаралық инвестициялар тартуға, инновациялық технологияларды енгізуге және тұрақты қалалық ортаны дамытуға бағытталған.
Олжас Бектенов Президенттің 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауын технологиялық трансформацияның маңызды қадамы ретінде бағалады. Қазіргі таңда Қазақстанда жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі ашық қолдануға арналған құқықтық база қалыптасқан. Сонымен қатар электрондық үкімет жүйесі арқылы 1200-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетіледі.
Форум аясында климаттық тұрақтылық пен су қауіпсіздігі мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Премьер-министр Қазақстан Конституциясында қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің негізгі құндылықтарының бірі ретінде бекітілгенін айтты. Сондай-ақ Президенттің БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасының маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара барысында Қазақстанның БҰҰ-Хабитат ұйымымен ынтымақтастығы және тұрақты қалалық дамуға бағытталған халықаралық жобаларға қатысуы ерекше атап өтілді. Былтыр Қызылорда қаласында алғашқы Ұлттық урбан форум өткен болатын. Сонымен қатар Астана қаласы Making Cities Resilient 2030 бастамасы аясында Орталық Азиядағы алғашқы Resilience Hub мәртебесіне ие болды.
Форум аясында өткен Urban Expo көрмесінде Қазақстанның ұлттық павильоны таныстырылды. Онда қоғамдық кеңістіктерді жаңарту, инфрақұрылымдық шешімдер және жаңа қала құрылысы жобалары көрсетілді. Сондай-ақ қалаларды көгалдандыруға және климаттық тұрақтылықты арттыруға бағытталған Green ID жобасына ерекше назар аударылды.




