
Қазақстанда колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін базалық әлеуметтік қолдау пакетімен қамтамасыз ету ұсынылды. Бұл жастарды қылмысқа араласудан сақтауға бағытталған. Мұндай бастаманы Құрылтайда депутат Дидарбек Ділдәбек көтерді.
Оның айтуынша, бүгінгі басты қауіптердің бірі – жұмыссыз студенттердің қылмыстық схемаларға тартылуы. Атап айтқанда, жастар есірткі курьерлігіне («закладка») және дропперлікке – заңсыз жолмен алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін банк картасын беруге тартылуы мүмкін.
Жастарды заңсыз табыс табудан қорғау үшін депутат бірнеше нақты шара ұсынды:
- Негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Мұқтаж студенттерді тегін тамақпен және киім сатып алуға арналған арнайы ваучерлермен қамтамасыз ету;
- Заңды түрде жұмыс істеу мүмкіндігін беру. Коммуналдық кәсіпорындар базасында қысқа мерзімді жұмыс орындарын ашып, еңбекақыны күн сайын төлеу;
- Қаржылық қауіпсіздікті күшейту. 14 пен 22 жас аралығындағы азаматтар 50 мың теңгеден жоғары ақша аударған кезде қосымша биометриялық тексеру енгізу;
- Бақылау мен жауапкершілікті күшейту. Күдікті қаржылық операцияларды анықтау үшін банктер, полиция және колледждер мен жоғары оқу орындары арасында деректер алмасуды жеделдету. Сондай-ақ мұндай схемаларға жол берген банктердің жауапкершілігін арттыру.




