Алматыда құрылысшыларды кәсіби мерекесімен құттықтады

Алматыда Құрылысшы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов құрылыс саласының өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Ол жоғары кәсібилігі мен көп жылғы адал еңбегі үшін бірқатар маманға Алғыс хат табыстап, Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтауын оқып берді.

«Құрылысшы – қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей үлес қосатын ең жауапты мамандықтардың бірі. Бұл сала жоғары кәсібилікті, жауапкершілікті, еңбек тәртібін және өз ісіне адалдықты талап етеді», – делінген Дархан Сатыбалдының құттықтауында.

Қала әкімі құрылыс саласы қалалық инфрақұрылымды дамытуға, инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін атап өтті. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс саласына тартылған инвестиция көлемі 1 триллион 75 млрд теңге болды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 343 млрд теңгеге артық.

«Инвестициялық белсенділіктің артуы құрылыс саласының инвестициялық тартымдылығының жоғары екенін көрсетеді және жаңа тұрғын үй, әлеуметтік әрі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіздің арқасында қаламыздың заманауи, жайлы әрі өмір сүруге және еңбек етуге қолайлы қалаға айналып келе жатқанын зор мақтанышпен айта аламыз», – деді ол.

Салтанатты жиында құрылыс саласының әртүрлі мамандық иелері марапатталды. Олардың көпшілігі бұл салада ондаған жыл еңбек етіп келеді.

Марапат иелерінің бірі Үрістембек Жақпанов еңбек жолында көптеген маңызды нысанның құрылысына қатысқанын айтты. Оның айтуынша, құрылысшы үшін ең үлкен марапат – өз еңбегінің нәтижесін көріп, оның халық игілігіне қызмет етіп жатқанын сезіну. Сондай-ақ, ол еңбегіне жоғары баға берілгені үшін алғыс білдіріп, мұндай құрмет жаңа жетістіктерге жігерлендіретінін атап өтті.

Инженер-сметашы Зәуре Садырбаева бұл мамандық үлкен жауапкершілік пен әрбір бөлшекке мұқият қарауды талап ететінін айтты. Оның айтуынша, әлеуметтік және қалалық инфрақұрылым нысандарын салуға атсалысу – үлкен мақтаныш, ал кәсіби мереке қарсаңында алған марапаты көп жылғы еңбегіне көрсетілген зор құрмет пен жоғары баға.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Кештің ерекше тартуы ретінде Нұрлан Абдуллиннің орындауында қала құрылысшыларына арналған «Алматы құрылысшылар әні» шығармасының тұсаукесері өтті.

Еске салайық, Қазақстанда Құрылысшы күні жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде атап өтіледі.

Еще больше интересного

Қазақстан армиясы реформаланады: әскерге шақырылушылар алты ай оқып, алты...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізіп, әскери реформа жоспарын қарады. Мемлекет басшысы заманауи, ұтқыр әрі технологиялық...

Астанада есірткі қосылған 238 печенье тәркіленді

Астанада интернет-дүкен арқылы есірткі сатты деген күдікпен 30 жастан асқан бес ер адам ұсталды. Тінту кезінде олардан...

Қазақстаннан 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз шығарылған

ҰҚК мұнай өнімдерін шетелге заңсыз экспорттаған ұйымдасқан топтың қызметін тоқтатты. Тергеу дерегінше, 2019–2023 жылдары Batys Nefte Trade...