
Қазақстан экономикасын әртараптандыру және шикізатқа тәуелділікті азайту бағытында жаңа өнеркәсіптік саясат жүзеге асырылуда. Басты мақсат – отандық өндірісті дамыту, шикізатты терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыру қажеттігін атап өтті. Президент: «Өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келді», – деп, экономиканы әртараптандыру мен жоғары технологиялы өндірістерді дамытуды басым міндет ретінде белгіледі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйегінде өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 8,6%-ға өскен. Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2030 жылға дейін салада шамамен 600 жаңа инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 2026 жылдың соңына дейін 200 жобаны іске қосу көзделіп отыр.
Бұл бастамалар машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі және фармацевтика салаларының дамуына серпін бермек. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, отандық кәсіп орындардың бәсекеге қабілеттілігі артады. Қорытындылай келе, жаңа өнеркәсіптік саясат отандық өндірісті өркендетіп, Қазақстанның шикізаттық экономикадан жоғары қосылған құны бар дайын өнім өндіретін индустриялықмемлекетке айналуына жол ашады.





