
Абай облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірде жел мен күн энергиясын пайдаланатын жалпы қуаты 159,7 МВт болатын 8 нысан жұмыс істейді.
Оның ішінде 7 жел электр станциясының жиынтық қуаты – 129,7 МВт, ал 1 күн электр станциясының қуаты – 30 МВт.
Өңірдегі ең ірі нысан – Аягөз ауданында орналасқан «Абай-1» жел электр станциясы. Оның белгіленген қуаты – 100 МВт.
Сонымен қатар облыста «Винд Чарск», «ВЭС-Чарск», «Чарск Ветер», DES Consulting, Ventum Energy және EastWindEnergy жел энергетикасы нысандары жұмыс істейді.
Күн энергетикасы Жарма ауданындағы «Жангиз Солар» электр станциясы арқылы ұсынылған. Оның қуаты – 30 МВт.
Бұдан бөлек, өңірде жел және күн энергетикасы саласындағы жаңа жобаларды іске асыру және пысықтау жұмыстары жүргізілуде. Бұл Абай облысында жаңартылатын энергия көздерін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Электр энергетикасы саласындағы заңнама талаптарының сақталуын Абай облысы бойынша Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменті өз құзыреті шеңберінде бақылайды.
