
Қаржылық мониторинг агенттігі Батыс Қазақстан облысында астықтың сұр импортына қатысты схеманың жолын кесті.
Тергеу дерегінше, шетелден әкелінген астық “қазақстандық” деп сыртқа сатылған. Қазақстан аумағы арқылы жалпы құны 11,2 млрд теңге болатын 130 мың тоннаға жуық астық Өзбекстанға, Ауғанстанға және Тәжікстанға экспортталған.
Бұдан «ҚТЖ – Жүк тасымалына» келтірілген залал көлемі 1 млрд теңгеден асады. Мемлекетке келген жалпы залал 1,2 млрд теңгені құрады.
Астықтың шығу тегін жасыру үшін жалған басшылардың атына компаниялар тіркеліп, отандық шаруа қожалықтарымен жалған келісімшарттар жасалған. Соның арқасында импорттық астық Қазақстанда өндірілген өнім ретінде рәсімделіп, экспорт кезінде жеңілдетілген тариф қолданылған.
Іске қатысы бар деп көрсетілген компаниялар қатарында «Bakery Nan», «KazGrano», «Perfect Seed», «Weizen» және «Golden Grain Kazakhstan» ЖШС-лары бар.
Бес адам күдікті деп танылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, іс материалдарымен танысу басталды.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланбайды.




