Қазақстан Сенаты республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін халықаралық қарыздар тарту туралы заң жобасын мақұлдады. Екі қарыздың жалпы сомасы 460 миллиард теңгеден асады.
Бірінші қарыз
Құжатқа сәйкес, Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкінен 92,3 млрд жапон иені көлемінде қарыз алады. Бұл шамамен 277 млрд теңгеге тең.
Қарыз 11 жыл мерзімге беріледі. Оның алғашқы бес жылы жеңілдік кезеңі болып саналады, осы уақыт ішінде негізгі қарыз өтелмейді.
Қарызды рәсімдеу үшін бір реттік комиссия мөлшері қарыз сомасының 0,25%-ын құрайды. Сонымен қатар, игерілмеген қаражатқа да жыл сайын дәл осындай мөлшерлеме есептеледі.
Қарызды өтеу мен сыйақы төлемдерін республикалық бюджет есебінен Қаржы министрлігі жүзеге асырады.
Заңға сәйкес, тартылған қаражат 2026 жылғы республикалық бюджет тапшылығын жабуға және мемлекеттің барлық қаржылық міндеттемелерін орындауға бағытталады.
Екінші қарыз
Бұдан бөлек, Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 62,4 млрд жапон иені немесе шамамен 187 млрд теңге көлемінде қарыз алады.
Бұл несиенің шарттары да алғашқы келісімге ұқсас. Қаражат бюджет тапшылығын жабуға және жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік реформаларды қолдауға жұмсалады.
Қаражат қандай реформаларға бағытталады?
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің айтуынша, бұл қарыздар жаңа мемлекеттік бағдарламаларды іске қосуға арналмаған.
Қаржыландыру қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатқан реформаларды қолдауға бағытталған. Олар үш негізгі бағытты қамтиды:
- экологиялық таза әрі тиімді энергетиканы дамыту;
- цифрлық қаржы нарығындағы бәсекелестікті арттыру;
- әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау және экономиканы одан әрі дамыту.
Оның айтуынша, осы реформалардың табысты жүзеге асырылуы халықаралық қарыздарды алу үшін қойылған негізгі талаптардың бірі.
Сонымен қатар, қарыз қаражаты ең алдымен бюджет тапшылығын жабуға және мемлекеттің қаржылық міндеттемелерін орындауға жұмсалады.
Неліктен қарыз жапон иенімен алынады?
Бұған дейін Қаржы министрі Мәди Такиев жапон валютасының таңдалуы оның тиімді шарттарымен байланысты екенін айтқан болатын. Жапонияда пайыздық мөлшерлемелер салыстырмалы түрде төмен болғандықтан, қарыз алу құны да арзанырақ болады.
Сондай-ақ шешім қабылдау кезінде теңгенің жапон иеніне қатысты бағамы мен ықтимал валюталық тәуекелдер де ескерілген.
Қазақстан бұған дейін қандай қарыздар алған?
Бұл Қазақстан үшін алғашқы халықаралық қарыз емес.
2024 жылы Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкінен 84,9 млрд жапон иені (шамамен 270,8 млрд теңге) көлемінде қарыз алған. Ол қаражат та бюджет тапшылығын жабуға және экономиканы қолдауға бағытталған.
Сол жылдың желтоқсанында Сенат тағы екі халықаралық қарызды мақұлдады: Азия даму банкінен – 52,3 млрд иен және Халықаралық қайта құру және даму банкінен – 84,9 млрд иен. Бұл қаражаттар да бюджет тапшылығын қаржыландыруға және мемлекеттің қаржылық міндеттемелерін орындауға пайдаланылды.





