Қазақстандықтардың шамамен 10%-ы бұрынғы несиесін жабу үшін жаңа несие алады

Қазақстан тұрғындарының басым бөлігінің несиесі немесе қарызы бар. Бұл туралы Demoscope жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижелері көрсетті.

Сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 72,7%-ы қазіргі уақытта несие төлеп жүргенін немесе өзге де қарыздық міндеттемелері бар екенін айтқан. Олардың 39,7%-ында бір ғана несие болса, 33%-ы бірден бірнеше несиені қатар өтеп жүр. Ал қатысушылардың 27%-ы ешқандай қарызы жоқ екенін мәлімдеген.

Зерттеу нәтижесі бойынша, 60 жастан асқан азаматтардың әрбір үшіншісі (32,8%) бір несие немесе қарыз төлеп жүр. Сонымен қатар, дәл осы жас санатында қарызы жоқ адамдардың үлесі ең жоғары – 49,6%. Ал басқа жас топтарында несиесі жоқтардың үлесі 15,5%-дан 32%-ға дейінгі аралықта.

Ең кең таралған несие түрі – тұтынушылық несие. Оны қарыз алушылардың 70,4%-ы рәсімдеген. Сауалнамаға қатысқандардың 45,7%-ы бөліп төлеу қызметін пайдаланады. Тағы 22,1%-ы туыстарынан, достарынан немесе ломбардтан қарыз алғанын мойындаған.

Автонесиені респонденттердің 14,4%-ы төлеп жүрсе, ипотекалық несиесі барлардың үлесі 13%-ды құрайды.

Несие рәсімдеудің ең жиі себебі – тұрмыстық техника сатып алу. Мұндай жауапты қатысушылардың 24,2%-ы берген. Одан кейін тұрғын үй салу немесе жөндеу жұмыстары (18,9%) және жалақыға дейін қаражаттың жетіспеуі (17,4%) тұр.

Сондай-ақ несиелер мына мақсаттарда рәсімделеді:

  • автокөлік сатып алу үшін – 13,7%;
  • басқа несиені өтеу үшін – 9,4%;
  • емделуге төлеу үшін – 8,2%;
  • бизнесті дамыту үшін – 7,8%;
  • ірі отбасылық шараларды өткізу үшін – 6,7%;
  • оқу ақысын төлеу үшін – 6,6%;
  • саяхат пен демалыс үшін – 3,4%.

Несие жүктемесінің жоғары болуына қарамастан, сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі қаржылық болашағына сеніммен қарайды. Мәселен, 39,1%-ы алдағы 12 айда материалдық жағдайы жақсы болатынына толық сенімді екенін айтса, тағы 24,2%-ы бұған көбіне сенетінін жеткізген.

Сонымен қатар, респонденттердің 16,2%-ы қаржылық тұрақтылығына онша сенімді емес екенін мойындаған. Ал 13,9%-ы ертеңгі күніне мүлде сенімсіз екенін айтқан. Ер адамдар арасында мұндай пікірді 17,6% білдірсе, әйелдер арасында бұл көрсеткіш 10,5%-ды құраған.

Еще больше интересного

Алматыда РФММ-нің 47 оқушысы ауруханаға түсті

Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Балалар 12 және 13 қазанда...

Камералар, кездесулер және жаңа идеялар: Astana Media Week 2026...

Бір жерде сұхбат жазылып жатыр, екінші жақта спикерлер пікір алмасуда. Камерасын дайындаған тілшілер, әріптесін кездестірген журналистер, жаңа...

Қазақстан 2027 жылы триллиондаған теңгені қайда жұмсайды?

Қазақстанның 2027 жылғы республикалық бюджет шығыны 30,2 триллион теңге болады. Оның басым бөлігі әлеуметтік салаға, өңірлерді дамытуға,...