
Елімізге алғашқы рет ресми сапармен келген Черногория Президенті Яков Милатовичге жоғары деңгейде құрмет көрсетілді. 2023 жылдан бері Черногорияны басқарып отырған 39 жасар Милатович Қазақстанға жұбайы Миленаны ерте келген екен. Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Президенті Яков Милатовичті ресми қарсы алды. Президенттер бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды.Салтанатты рәсімде екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалып, құрмет қарауылы сап түзеді. Қазақстанның Мемлекеттік Туы алдында тағзым еткен мәртебелі мейман елдер арасындағы достық пен өзара құрметтің белгісін көрсетті.
Одан әрі Тоқаев пен Милатович екі жақты келіссөз өткізді. Келіссөздер барысында ек ел президенттері саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестиция тарту және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапардың тарихи маңызын атап өтіп, оның екіжақты қарым-қатынасқа жаңа серпін беретінін айтты.
— Президент мырза, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңізге өте қуаныштымын. Черногория мемлекеті басшысының алғашқы тарихи сапарына ерекше мән беріп отырмыз. Сондай-ақ мұны еліміз үшін өте маңызды уақиға ретінде қарастырамыз. Келіссөздеріміздің нәтижесі екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретініне сенімім кәміл. Черногорияны халқымыз жақсы біледі. Көптеген азаматымыз жыл сайын Сіздің елде демалып, жақсы әсермен оралады. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліңіздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын. Осы жылдарда біз жақсы қарым-қатынас орнаттық. Өзара ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыта түсу керек деп ойлаймын. Оған ешқандай кедергі жоқ. Сіздің іскерлік делегацияңыздың құрамы өте салмақты. Бұл экономикалық және іскерлік байланыстардың ауқымын арттыра түсуге ниетті екеніңізді көрсетеді,-деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Яков Милатович бұл сапар екі елдің қарым-қатынасының жоғары деңгейге көтерілгенін көрсететінін алға тартты.
-Бүгін біз екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте түсеміз деп сенемін. Бұл сапар байланыстарымыздың жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мен мұнда достас елдің өкілі ретінде келдім. Черногорияның іскерлік орта өкілдері де осында. Екі елдің сауда палаталары бизнес форум өткізеді, бірқатар меморандумға қол қойылады. Черногория Қазақстан азаматтары үшін танымал бағыттардың бірі екенін білеміз. Осы тараптағы байланыстарымызды күшейте түскіміз келеді. Сізбен саяси ынтымақтастықты ғана емес, экономикалық серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін де талқылаймыз,-деді Черногория Президенті.
Қасым -Жомарт Тоқаев Черногорияның Астанада дипломатиялық өкілдігін ашуды ұсынды.
Екі елдің тауар айналымына келсек, өткен жылы 3,212 млн ақш долларын құрады. Биыл қаңтар-сәуір айындағы көрсеткіште 260 мың долларға жетті. Черногориядан елімізге мұнай,пластмас өнімдері, жиһаз әкелінеді. Қазақстаннан Черногорияға астық пен ұн, өсімдік майы экспортталады. 2021 жылы ашылған екі ел арасындағы әуе бағытымен 4 жылда 110 мыңнан астам жолаушы тасымалданған. Былтыр Черногрияға 8 мың қазақстандық саяхаттаған. Еске сала кетейік,қазақстандықтар Черногрияға мамырдан қазанға дейін визасыз режимде қатынай алады. 630 мыңнан астам халқы бар шағын елмен дипломатиялық байланыс орнатқанымызға биыл 20 жыл толып отыр.




