ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ – ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ТІРЕГІ: ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ

Қазақстанда дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басты қағидаттары – зайырлылық, ар-ождан бостандығы, конфессияаралық келісім және қоғамдық тұрақтылық. Соңғы жылдары бұл бағытта құқықтық тетіктер жаңартылып, алдын алу шаралары күшейтіліп, ақпараттық жұмыстардың ауқымы кеңейіп келеді.

Президент: Зайырлы мемлекет қағидаты өзгермейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зайырлылық қағидаты Қазақстанның конституциялық негіздерінің бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

Президенттің айтуынша, «Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституциямыз ар-ождан бостандығына кепілдік береді. Алайда зайырлы әрі толерантты мемлекет болу – радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге көз жұму деген сөз емес. Біз ешқашан елдің қауіпсіздігі мен тұтастығына қауіп төндіруге жол бермейміз». 

Ұлттық құрылтайдағы сөзінде Мемлекет басшысы тағы бір маңызды ұстанымды атап өтті.

«Мемлекетіміздің зайырлы сипатын жан-жақты нығайтуымыз керек. Қазақстан әрдайым мемлекетімізге және қоғамдық моральға нұқсан келтірмейтін барлық діндерге, сенімдер мен көзқарастарға толерантты болады», – деді Президент. 

Бұл ұстаным мемлекеттің белгілі бір дінді қолдау емес, барлық азаматтың құқықтарын тең қорғау қағидатына сүйенетінін көрсетеді.

Сарапшылар: Алдын алу – қауіпсіздіктің негізгі тетігі

Дінтанушылар мен қауіпсіздік саласының сарапшылары діни экстремизмге қарсы күресте күштік шаралардан бұрын профилактика мен ағартушылық жұмыстың маңызы зор екенін айтып келеді.

Олардың пікірінше, жастардың діни сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігіндегі сапалы контенттің үлесін көбейту және зайырлы құндылықтарды түсіндіру қоғамның радикалды идеологияға қарсы иммунитетін қалыптастырады.

Мемлекет қабылдап жатқан құқықтық өзгерістер азаматтардың ар-ождан бостандығын сақтай отырып, экстремистік идеологияның таралуына тосқауыл қоюға бағытталғанын жіті сараптаған әр азамат түсінеді.

Заңнамалық тетіктер жаңартылды

2025 жылдан бастап діни қызмет саласында бірқатар өзгерістер күшіне енді.

Атап айтқанда:

«ескерту» институты енгізілді; 

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша айыппұл мөлшері 50 пайызға төмендетілді; 

діни әдебиетті тарату орындарын келісу рәсімі жеңілдетілді. 

Сонымен бірге алғаш рет сенім бостандығы мен діни ахуалды бағалауға арналған ұлттық индикаторлар бекітілді. Олар конфессияаралық қатынастардың жай-күйін, мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара іс-қимылын және интернеттегі діни белсенділікті бағалауға мүмкіндік береді.

Қазақстанның моделі – диалог пен өзара құрмет

Қазақстан халықаралық деңгейде де конфессияаралық диалог алаңы ретінде танылып келеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін тұрақты өткізу тәжірибесі елдің бейбітшілік пен өзара құрмет қағидаттарына негізделген саясатын айғақтайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, этносаралық және конфессияаралық келісім, сондай-ақ өзге мәдениеттерге деген толеранттылық – Қазақстанның баға жетпес құндылығы. 

Осылайша, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы өзгеріссіз қалып отыр: Конституцияда бекітілген зайырлылық қағидатын сақтау, әр азаматтың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету, діни радикализмнің алдын алу және қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайту. Бұл ұстанымдар Қазақстанның ұзақ мерзімді қоғамдық қауіпсіздігі мен орнықты дамуының маңызды факторларының бірі болып саналады

Еще больше интересного

Пусанда ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясы өз жұмысын бастады

19 шілдеде Корея Республикасының Пусан қаласында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясы өз жұмысын бастады. Сессия 29 шілдеге...

Ұлттық архивтің ашылғанына 20 жыл

Елімізде архив ісінің дамуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Тарихи құжаттарды сақтау, қалпына келтіру және цифрлық форматқа көшіру...

БАЛАЛАР КОНТЕНТІ – ҚАУІПСІЗ АҚПАРАТТЫҚ ОРТАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ БАСТЫ ТЕТІГІ

Қазақстанда балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сапалы ұлттық контентті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады....