
Салоники қаласында өткен KGL Contest-2026 халықаралық ағылшын тілі олимпиадасының финалында қазақстандық екі оқушы жүлделі орынға ие болды.
2-3 қазанда өткен байқауға әлемнің 39 елінен оқушылар қатысты. Қазақстан атынан финалға төрт оқушы жолдама алған.
A1 деңгейінде Алматы облысы Қаскелең қаласындағы «Немере» жекеменшік мектебінің оқушысы Ерасыл Жиенғали I орын алды. Ол үшін 500 доллар көлемінде ақшалай сыйлық қарастырылған.
Ал A2 деңгейінде Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Адель Талғат II орын иеленді. Оның жүлдесі — 300 доллар.
Қазақстаннан барған қалған екі оқушы да жақсы нәтиже көрсетті. Өскемендегі №10 мектеп-гимназиясының оқушысы Пятков Семен B2 деңгейінде, ал Семейдегі Экономика лицейінің оқушысы Мырзахмет Алхан B1 деңгейінде үздік нәтиже көрсеткені үшін мақтау алды.
Ерасылдың айтуынша, бұл жеңіс оған өзіне деген сенімін арттырған.
«Өзіңе сеніп, соңына дейін әрекет етсең, еңбегің міндетті түрде нәтижесін береді. Мен үшін бұл — жай ғана орын емес, үлкен тәжірибе», — деді ол.
Ал Адель жарыста уақытты дұрыс пайдаланудың маңызды болғанын атап өтті.
Қазақстан KGL Contest олимпиадасына биыл екінші рет қатысып отыр. Былтыр Алматы қаласының оқушысы Дария Насимуллина B2 деңгейінде I орын алған.
Қазақстандағы KGL Contest-тің ұлттық үйлестірушісі әрі ұйымдастырушысы — EDU Stream халықаралық тіл академиясы. Компания қазақстандық оқушылар мен олардың ұстаздарының Грекияға барып-қайту шығындарын өз мойнына алған. Ал қатысушылардың қонақүйін KGL Contest-тің британдық кеңсесі ұйымдастырды.
