Мәжіліс төрағасы ҰҚШҰ парламентшілеріне синтетикалық есірткілерге қарсы іс-қимылды күшейтуді ұсынды

Фотосурет: ҚР Парламентінің Мәжілісі

Бішкек, 19 мамыр. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты. Жиын Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында өтті.
Іс-шара басталар алдында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Парламент делегацияларының басшыларын қабылдады. Ол ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының Ұйым қызметін заңнамалық тұрғыда қолдаудағы рөлін жоғары бағалап, отырыстың табысты өтуін тіледі.

Фотосурет: ҚР Парламентінің Мәжілісі

Кеңес отырысында Қазақстандық делегацияны басқарып барған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ҰҚШҰ-ға мүше елдерде есірткінің заңсыз айналымы мен интернет алаяқтықтың өсіп жатқанын айтты. Ол мұндай жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы заңнамалық тосқауыл қою үшін күш біріктіруге шақырды. Мәжіліс төрағасы миллиондаған адам осы қылмыстың құрбанына айналатынын, ал ұйымдастырушылары көбіне шетелден әрекет ететінін атап өтті.
– ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы синтетикалық есірткі мен киберқылмысқа қарсы іс-әрекет саласында ортақ құқықтық кеңістік құруға ықпал ете алады. Қазақстан депутаттары осы жұмысқа белсене атсалысуға дайын. Бұл мәселелерде бізде бұрыннан қалыптасқан құқықтық тәжірибе бар. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша есірткі қылмыстарына қатысты жауапкершілік заңнамалық тұрғыда едәуір күшейтілді. Биылғы Парламенттік сессияның соңына дейін интернет алаяқтық үшін де жауапкершілікті заң жүзінде қатаңдатуды жоспарлап отырмыз, – деді Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы ҰҚШҰ-ға мүше елдердің депутаттарын Ауғанстандағы жағдайды үнемі назарда ұстауға шақырды. Оның айтуынша, елдегі ахуал тұрақтанып келеді.

Фотосурет: ҚР Парламентінің Мәжілісі

Ерлан Қошанов Қазақстан тарапының Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасын нығайту қажеттігі жөніндегі ұстанымын білдірді. Астанадағы саммитте қабылданған ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасы да осы мәселені шешуге бағытталған. Екінші маңызды міндет ретінде спикер Ауғанстанға көмек көрсету және елдегі өзекті гуманитарлық мәселелерді шешу үшін халықаралық күш-жігерді біріктіруді атап өтті.
Мәжіліс төрағасы дәл осы мақсатта Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығы құрылғанын еске салды. Ерлан Қошанов сөзін қорытындылай келе, өзара құрмет пен сенім ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясындағы табысты ынтымақтастықтың кепілі екеніне назар аударып, қол жеткізілген барлық уағдаластықтың табысты жүзеге асуына тілектестік білдірді.

Тағы оқыңыз...

Тоқаев Қорғаныс министріне әскери қызмет қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовті қабылдады. Кездесуде еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту және Қарулы Күштердің...

ФЕЙК: Ескі видео Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға телінді

Әлеуметтік желіде әскери қызметшілердің қазасына қатысты тағы бір манипуляциялық видео тарады. Кадрда қайтыс болған адамның «денесін» көлікпен...

Қорғаныс министрлігінде мемлекеттік аудит басталды

Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы Қорғаныс министрлігінде мемлекеттік аудит жүргізуді бастады. Тексеру мемлекеттік қаражаттың тиімді әрі мақсатты...